Португалия классикасы. «Порту» — «Бенфика» матчының тікелей эфирі

6 мен 7 сәуірге қараған түні Португалия чемпионатының 28-туры аясында «Порту» өз алаңында «Бенфиканы» қабылдайды.
Португалия футболындағы басты қарсыластық 257-ші тарауын алады. Қазіргі таңда «Портудың» еншісінде 102 жеңіс, ал «Бенфика» 92 рет жеңіске жеткен. Тағы 62 матч тең аяқталған.
Биылғы чемпионатта бұл екі команда әртүрлі мақсат көздеп отыр. Лиссабондықтар «Спортингпен» бірге чемпиондық үшін таласып жатса, «айдаһарлар» келесі маусымда Еуропа Лигасына жолдама алу үшін «Брагамен» бәсекелесуде.
«Бенфиканың» чемпионаттағы жеңісті сериясы қаңтар айының соңынан бері жалғасып келеді және қазірдің өзінде тоғыз матчқа жетті. «Порту» ондай нәтижемен мақтана алмайды, бірақ соңғы екі ойында жеңіске жетіп, дербиге жақсы көңіл-күймен келіп отыр.
Маусымның бірінші айналымында «Бенфика» өз алаңында 4:1 есебімен ірі жеңіске жеткен болатын.
Матчтың тікелей көрсетілімі Sport+ Qazaqstan телеарнасынан және sportplustv.kz сайтынан қолжетімді болады. Эфир Астана уақытымен 00:20–да басталады.