Оралхан Өміртаев БАТЭ сапына ауысты
Оралхан Өміртаев Беларусь чемпионатының 15 дүркін чемпионы БАТЭ футбол клубының ойыншысы атанды, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Қазақстандық футболшы бұған дейін Беларусь біріншілігіндегі «Слуцк» клубында ойнаған. Аталған командада 3 ойын өткізіп, 4 гол соғып, 1 нәтижелі пас берді.
Оралхан – қарағандылық «Шахтер» командасының түлегі. Кеншілер сапында 2015 жылы дебют жасап, 2017 жылы команданың негізгі ойыншысына айналды.
2020 жылы Өміртаев қостанайлық «Тобыл» сапына ауысып, сол жылы күміс жүлдеге ие болды. Ал, үш айдан кейін Қазақстан Суперкубогын жеңіп алды. 2021 жылдың жазында шабуылшы «Шахтер» командасына қайта оралды. Оралхан сондай-ақ «Ақжайық», «Атырау» футбол клубтарында өнер көрсеткен.
Айта кетейік, БАТЭ – өз елінде Беларусь чемпионатын 15 рет жеңіп алған, Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне қатысқан алғашқы команда. Сондай-ақ 5 рет Беларусь Кубогын, 8 мәрте Беларусь Суперкубогын иеленген.