Аргентина құрамасы Америка кубогы финалына жолдама алды
Аргентина құрамасы футболдан Америка кубогы финалына жолдама алды, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Аргентиналық футболшылар жартылай финалда Канадамен шеберлік байқасты.
Кездесу барысында Лионель Месси Месси 51-минутта мергендік танытты. Бұл - атақты футболшының доп додасы барысында соққан алғашқы голы. Ол турнирде бірнеше ойын өткізгенімен қанжығасы майланған жоқ еді.
Кездесу барысында тағы бір голды Хулиан Альварес 22-минутта өзінің еншісіне жазды.
Осылайша аргентиналық футболшылар қарсыласынан 2:0 есебімен басым түсіп, финалға жолдама алды.
2021 жылы өткен Америка кубогында олар Бразилияны 1:0 есебімен жеңіп, чемпион атанған еді. Сол жетістігін биыл қайталауына мүмкіндік туып отыр.
Сондай-ақ 11 шілдеде Уругвай мен Колумбия шеберлік байқасады.
Биыл Америка кубогы 20 маусым мен 14 шілде аралығында АҚШ-тың 14 қаласында өткізілуде.
Америка кубогы 1916 жылдан бері тұрақты өткізіліп келеді. Қазірге дейін Аргентина мен Уругвай -16, Бразилия - 9, Парагвай, Чили, Перу - 2, Клоумбия мен Боливия - 1 мәртеден чемпион атанды.