Олимпиада жолдамасы: бокстан елішілік турнир өтеді
Бокстан Қазақстан ерлер құрамасының бапкерлік кеңесі 63,5 келіде Олимпиада жолдамасына таласатын боксшыны анықтау үшін қосымша турнир өткізуді ұйғарған. Елішілік жарыста жеңімпаз атанған спортшы Тайландтағы лицензиялық турнирге аттанады, бұл туралы ҰОК сайтына бас жаттықтырушы Мырзағали Айтжанов айтты, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan
Қазіргі уақытта Париж-2024 Олимпиадасына Қазақстан ерлер командасында тек бір салмақта 63,5 келіде жолдама жоқ. Бұл салмақта алты үміткер боксшы бар, сондықтан мамандар арнайы турнир өткізу жайында шешімге келген:
«Мұндай жарысты алғаш рет өткізгелі тұрмыз. Осы турнир нәтижесінде Олимпиадаға іріктеу додасына қатысатын боксшыны анықтаймыз», — деді Мырзағали Айтжанов.
Лицензиялық турнирге қатысу мүмкіндігін сарапқа салатындар: Ертуған Зейнуллинов, Мұхаммедсабыр Базарбайұлы, Дулат Бекбауов, Төрехан Сабырхан, Жандос Қыдыралиев, Серік Теміржанов.
Бокстан соңғы лицензиялық турнир Таиландта 8–11 сәуір күндері өтеді.