Нұрқожа Қайпанов әлем чемпионатындағы алтыны үшін пәтер алды
«Almaty Arena» спорт кешенінде ересектер арасында грек-рим, еркін және әйелдер күресі бойынша Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды, деп хабарлайды Sport+ Қазақстан күрес федерациясына сілтеме жасап.
Биылғы ел чемпионаты — алдағы жылы Жапонияның Нагоя қаласында өтетін Азия ойындарына, сондай-ақ әлем және Азия чемпионаттарына қатысатын ұлттық құраманы іріктеу және жасақтау тұрғысынан шешуші жарыс болып отыр.
Ел біріншілігіне қатысушылар қатарында: төрт дүркін әлем чемпионатының жүлдегері Жамиля Бақбергенова, U23 әлем чемпионы Шұғыла Өмірбек, кадеттер арасындағы әлем чемпионы Нилуфар Раимова, Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Эльмира Сыздықова, U23 әлем чемпионы Сұлтан Асетұлы, жастар арасындағы әлем чемпионы Исхар Курбаев, әлем чемпионатының қола жүлдегері Асылжан Есенгелді, грек-рим күресінен әлем чемпионаттарының бес дүркін жүлдегері Алмат Кебісбаев және басқа да белгілі спортшылар бар.
Айта кетейік, жартылай финалдық белдесулер барысында аренада спортшыларды марапаттауға арналған салтанатты рәсім өтті. Атап айтқанда, 2024 жылғы еркін күрестен 70 келі салмақ дәрежесі бойынша әлем чемпионы атанған Нұрқожа Қайпановқа Астанадан екі бөлмелі пәтердің кілттері табысталды.
Ал 2024 жылғы грек-рим күресінен әлем чемпионы Айдос Сұлтанғалиды Федерация 25 мың АҚШ доллары көлеміндегі ақшалай сыйлықпен марапаттады. Оның жеке жаттықтырушысы 10 мың АҚШ долларын иеленді.