Нұрбол Жұмасқалиев «Ертісті» тізгінін ұстады

Нұрбол Жұмасқалиев «Ертісті» тізгінін ұстады

Павлодардың «Ертіс» клубы 45 жастағы қазақстандық маман Нұрбол Жұмасқалиевті команданың бас бапкері қызметіне тағайындағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sport+ клубтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Нұрбол Жұмасқалиев Қазақстан чемпионаттарында өткізген матчтар саны (526 ойын) мен соққан голдары (167) бойынша рекордсмен саналады. Ол ойыншылық мансабының басым бөлігін қостанайлық «Тобыл» сапында өткізген, алайда 2017 жылы павлодарлық «Ертіс» сапында да өнер көрсетті. Қазақстан чемпионы, ел Кубогы мен Суперкубогының иегері, сондай-ақ Интертото Кубогының жүлдегері. Сонымен қатар Жұмасқалиев Қазақстан ұлттық құрамасының матчтары мен голдары саны бойынша тарихтағы үздік он ойыншының қатарына кіреді.

Ойыншылық мансабын аяқтағаннан кейін ол «Тобыл» клубында жұмысын жалғастырып, 2018 жылдан бастап бапкерлер штабында және клуб құрылымында түрлі қызметтер атқарды, соның ішінде спорт директоры лауазымын да иеленді. «Ертіске» ауысқанға дейін Жұмасқалиев қостанайлық команданы бас бапкер ретінде басқарған. Сондай-ақ ол Қазақстан ұлттық және жастар құрамаларында бапкердің көмекшісі болып жұмыс істеді.

Маманның соңғы жұмыс орны «Тобыл» болды. Оның жетекшілігімен команда биылғы чемпионатты сәтсіз бастады: 4 жеңіліс, 2 тең ойын және 2 жеңіс.



Күн шежіресі