logo

MMA арқылы ақша табамын, алайда ақша үшін өмір сүрмеймін: Болат Заманбеков

MMA арқылы ақша табамын, алайда ақша үшін өмір сүрмеймін: Болат Заманбеков

Қазақстандық жауынгер Болат Заманбеков  Sport Plus Qazaqstan-ға берген сұхбатында қытайлық RING Championship лигасындағы жеңісі, гонарары, ММА-дағы ең мықты жауынгерлер мен отбасылық өмірі жайлы ашып айтты.

- 6 сәуірде қытайлық RING Championship лигасының 61 келіге дейін гран-при аясында корейлік Мун Гук Хванды (2-4) жеңдіңіз. Қарсыласты тізе бүктіру қаншалықты қиынға соқты?

- Жекпе-жек туралы айтсам, ораза ұстаған соң қиын болды. Аса қатты дайындалып үлгермедім. Себебі жарысқа 10 күн қалғанда ғана жекпе-жегіміз бекітілді. Дегенмен барымды салып, жеңіп шықтым. Қазіргі таңда денсаулығым жақсы, аса үлкен жарақат алмадым. Келесі ұрысқа жақсы дайындаламын, алда үздік жекпе-жектер күтіңіздер.

- Жекпе-жекке дейін қарсыласыңыздың мықты және осал тұстарын жан-жақты зерттей алдыңыз ба? Әдетте жекпе-жекке қанша тактикалық схема дайындайсыз?

- Қарсыласымды аса қатты зерттемедім. Оның қыр-сырын жаттықтырушым біледі. Өзім ол жағына аса қатты мән бермеймін. Тренердің айтқандарын бұлжытпай орындасам болды.

- Өзіңізге чемпиондық белбеуден бөлек 30 мың доллар берілді. Бұл сумма сізге қаншалықты мотивация береді? Оны қайда жұмсау ойда бар?

- Бұл гонарар қолға тисе, Алматы қаласынан баспана алғым келеді.

- Сіз үшін ММА-дағы ең мықты 3 жауынгер кім?

- Мен үшін MMA-дағы ең мықты жауынгерлер: Асу Алмабаев пен Шавкат Рахмонов.

- Қазақстан ММА-нің деңгейі қандай? Бұл салада қандай мәселелерді атай аласыз?

- Ешқандай мәселе көріп тұрған жоқпын. Себебі елімізде MMA енді дамып келе жатыр. Қолдау білдіретін қалталы азаматтар бар. Кез келген адамның ынта-жігері болса, кез келген салада, кез келген жағдайда чемпион бола алады.

- Отбасыңыз жекпе-жектеріңізді қарай ма?

- Анам жекпе-жектерімді қарай алмайды. Аға-бауырларым үзбей қарап, қолдау білдіріп отырады. Жекпе-жекте не болары, қандай жарақат алатының бір Аллаға ғана аян. Барынша дайындалып, қатты соққы алудың алдын алуға тырысамыз.

- ММА-мен ақша үшін айналысасыз ба?

- MMA арқылы ақша табамын, алайда ақша үшін өмір сүрмеймін. Өмірде тегін ештеңе жоқ қой. Әр жекпе-жек - мен үшін табыс көзі.

- Жалпы Үкіметтен қолдау бар ма?

- Үкіметтен қолдау жоқ. Десе де мен Үкіметке қол жайып отыратын адам емеспін. Әркім өзі үшін еңбектенеді.

- Америкалық Fury FC-пен келісімшарт жасадыңыз ба?

- Иә, 1 жылға келісімшартқа отырдық. Виза алу жағынан қиындықтар туындады. Сондықтан әзірге басқа лигаларға шығып жүрмін.

- Қандай арман-мақсатыңыз бар? Жанкүйерлеріңізге айтар тілегіңіз…

- Отбасыма, қазақ халқына амандық, елімізге тыныштық тілеймін. Арманымды айтар болсам, UFC-ді бағындырғым келеді.