Маған осындай айқастар қажет: Қожахмет Иманғали OPEN FC турнирі алдында сұхбат берді

Маған осындай айқастар қажет: Қожахмет Иманғали OPEN FC турнирі алдында сұхбат берді

Алдағы демалыс күндері OPEN FC лигасы ұйымдастыратын турнирде жекпе-жек өткізетін қазақстандық жауынгер Қожахмет Иманғали Sport+ телеарнасына берген сұхбатында айқасқа дайындығы, өзге елде өнер көрсету сезімі және алдағы жоспарлары туралы айтып берді.

— Жекпе-жекке дайындығыңыз қалай өтті? Қазіргі физикалық және психологиялық жағдайыңызды қалай бағалайсыз?

— Жекпе-жекке дайындығым жақсы өтті. Дайындық жұмыстары Астанада орналасқан өзімнің TAKHTAY TEAM залымда жүргізілді. Физикалық және психологиялық тұрғыдан да толық дайынбыз. Жекпе-жектерді сағындым, маған осындай айқастар қажет. Сол себепті барынша жақсы дайындалдым.

— Сіз бұл турнирде аты аңызға айналған Алексей Олейникпен бір кардта өнер көрсетесіз. Бұл сіз үшін нені білдіреді?

— Иә, Алексей Олейникпен бір кардта өнер көрсетемін. Бұл жауынгердің жекпе-жектерін бұрыннан көріп жүрмін, оның ішінде UFC ұйымындағы айқастарын да тамашаладым. Мансабымда алғаш рет UFC-дің бұрынғы жауынгерімен бір турнирде өнер көрсеткелі отырмын. Осы турнирден кейін АҚШ-қа аттануды жоспарлап отырмын.

— Қарсыласыңыз — ресейлік спортшы және ол өз жанкүйерлерінің алдында жұдырықтасады. Бұл фактор сізге қосымша қысым тудыра ма, әлде керісінше жігерлендіре ме?

— Маған өзге елде өнер көрсету үйде жекпе-жек өткізгеннен жеңілірек. Себебі сырт алаңда қысым аз болады. Ал қарсыласымның жанкүйерлерінің айқай-шуына мүлдем мән бермеймін. Менің міндетім — октагонда өзімді барынша жақсы көрсету.

— Турнирді Қазақстан аумағында Sport+ телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді. Осылайша, қазақстандық жанкүйерлер сіздің жекпе-жегіңізді тамашалап, қолдау білдіре алады. Бұл сізге қосымша мотивация бере ме?

— Иә, менің жекпе-жегімді ауылдағы ата-анам мен ата-әжем қалай көре алады екен деп уайымдаған едім. Турнирді Sport+ Qazaqstan телеарнасы көрсететінін жақында білдім. Бұл жаңалықты естіген соң, үйдегілерге айтып қойдым. Мен үшін осындай отандық ірі арнаның жекпе-жекті тікелей эфирде көрсетуі және жанкүйерлердің қолдауы — үлкен мотивация.

OPEN FC 67 турнирі 11 шілде күні өтеді. Бұл кеште жеңіліс көрмеген отандасымыз Қожахмет Иманғали жеңіл салмақтағы чемпиондық титул үшін лиганың қауіпті жауынгері Шалбуз Эседуллаевпен күш сынасады.

Ал кештің басты жекпе-жегінде UFC ардагері Алексей Олейник чехиялық Антонио Зовакқа қарсы өзінің қоштасу айқасын өткізеді.

Іс-шара сағат 20:00–де басталады. Тікелей эфирді SPORT+ телеарнасынан және sportplustv.kz сайтынан тамашалауға болады.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от SPORT+ QAZAQSTAN (@sportplustv.kz)