Асылжан Бақытжанұлы: Жеңіске ғана бағытталдым, Бигдашпен жекпе-жекке дайынмын

Асылжан Бақытжанұлы: Жеңіске ғана бағытталдым, Бигдашпен жекпе-жекке дайынмын

Қазақстандық танымал жартылай ауыр салмақтағы файтер Асылжан Бақытжанұлы Алматыда өтетін ACA лигасының турнирінде октагонға қайта оралады.

Оның қарсыласы — ONE Championship ұйымының бұрынғы чемпионы Олег Бигдаш.

Алдағы жекпе-жегі, қарсыласы, жаңа сынақтар және жанкүйерлер алдындағы жауапкершілік туралы Асылжан Sport+ сайтына берген сұхбатында айтып берді.

— Соңғы жекпе-жегіңізден бері үш айға жетпейтін уақыт өтті. Толыққанды дайындық лагерін өткізе алдыңыз ба? Қазіргі формаңызды қалай бағалайсыз?

— Иә, соңғы жекпе-жектен кейін үш айға да жетпейтін уақыт өтті. Бірақ дайындығым өте жақсы, тек жеңіске бағытталып отырмын. Мен бұл спортты жақсы көретін және үнемі бабын сақтайтын адамдардың бірімін. ACA-мен келісімшартқа отырған кезде ұйымға қойған басты өтініштерімнің бірі — маған жиі жекпе-жек беру болатын.

Маған бұл іс ұнайды, таңертең де, кешке де үнемі залдамын. Жекпе-жек бар ма, жоқ па — оған қарамай жаттығамын. Сондықтан жауынгерлік формаға келу мен үшін қиын емес. Алла қаласа, осы айқасқа толық дайын боламын.

— Алда өте маңызды сынақ күтіп тұр — ONE Championship ұйымының бұрынғы чемпионы Бигдашпен кездесесіз. Оның соңғы жекпе-жектерін қарап шықтыңыз ба? Қандай мықты және әлсіз тұстарын байқадыңыз?

— Қарсыласым — жақсы, мықты жауынгер. Ол топ деңгейдегі ұйымдардың бірінің бұрынғы чемпионы, бұл оның деңгейін көрсетеді. Әрине, оның жекпе-жектерін қарап шықтық. Ол әмбебап спортшы, барлық бағытта жақсы дамыған. Бірақ 17 шілде күні онымен өтетін жекпе-жекке дайын боламын.

— Гришинмен болған жекпе-жектен кейін бразилиялық Бетанкурмен кездескіңіз келетінін жазған едіңіз. Бұл жекпе-жек туралы лиғамен сөйлестіңіз бе? Оны ұйымдастыру мүмкін бола ма?

— Біз сол кезде бір кардта өнер көрсеттік, бір киім ауыстыратын бөлмеде болдық. Видео түсіріп, лиганың матчмейкеріне ұсыныс жасадық. Шын мәнінде, дәл онымен міндетті түрде жекпе-жек өткізу деген үлкен мақсат болған жоқ.

Бұл көбіне менеджердің ұсынысы болды. Ол менен сұрады, мен қарсы емес екенімді айттым, кез келген жақын турнирде жұдырықтасуға дайын екенімді білдірдім.

Бірақ ұйымның өз жоспары бар. Олар маған Бигдашты қарсылас ретінде ұсынды, біз бұл жекпе-жекті қабылдадық. Лига да растай алады: маған кім ұсынылса да, мен әрқашан келісемін.

— Турнир Алматыда өтеді. Туған жердегі қолдау сізге көмектесе ме, әлде керісінше қосымша қысым тудыра ма?

— Алматыдағы турнирлер мен үшін әрқашан ерекше эмоциямен өтеді. Туған жердің қолдауы көмектеседі, бірақ сонымен бірге белгілі бір жауапкершілік жүктейді.

Бұрын бұл қысым көбірек сезілетін. Қазір тәжірибенің арқасында оның әсері азайды. Мен үлкен турнирлерде және басты жекпе-жектерде өнер көрсетуге үйрендім.

Сондықтан бастысы — дұрыс дайындалып, өзіңді дұрыс баптау және қысымға назар аудармау.

Алматыдағы ACA турнирін Sport+ телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.



Күн шежіресі