Магомедов пен Сильва Алматыдағы ACA 205 турнирінде чемпиондық белбеулерін қорғайды

Магомедов пен Сильва Алматыдағы ACA 205 турнирінде чемпиондық белбеулерін қорғайды

Алматыда өтетін ACA 205 турнирінде бірден екі чемпиондық жекпе-жек ұйымдастырылады, деп хабарлайды Sport+.

Кештің басты оқиғасы жартылай ауыр салмақта өтеді. Жеңіліс көрмеген ресейлік чемпион Муслим Магомедов чемпиондық белбеуін үміткер Эльмар Гасановқа қарсы қорғайды. Кештің екінші басты жекпе-жегінде жеңіл салмақтағы ұйымның қазіргі чемпионы, бразилиялық Жосиэль Сильва ресейлік үміткер Ренат Ондармен кездеседі.

Муслим Магомедов кәсіби мансабында өткізген 16 жекпе-жектің барлығында жеңіске жеткен. Эльмар Гасановтың еншісінде 12 жеңіс, 1 жеңіліс және 1 тең нәтиже бар. Бразилиялық чемпион Жосиэль Сильва өз мансабында 23 рет жеңіске жетіп, 7 мәрте жеңілген. Ал Ренат Ондардың көрсеткіші — 16 жеңіс және 4 жеңіліс.

Турнир 17 шілде күні Қазақстандағы Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайында өтеді.

ACA 205 турнирінің ерекше оқиғаларының бірі — қазақстандық танымал жеңіл салмақтағы файтер Артем Резниковтың октагонға қайта оралуы. Турнирдің негізгі кардында ол ресейлік Заур Гаджиевке қарсы жекпе-жек өткізеді. Резников үшін өз жанкүйерлері алдында өтетін бұл кездесу ұйымның чемпиондық додасына қайта қосылу жолындағы маңызды қадам болмақ.

Сондай-ақ ACA 205 турнирінің негізгі кардында ТМД елдерінің басқа да танымал спортшылары өнер көрсетеді. Лиганың бұрынғы чемпионы Даурен Ермеков бразилиялық Рене Пессоамен кездессе, ONE Championship ұйымының экс-чемпионы Виталий Бигдаш жергілікті спортшы Асылжан Бақытжанұлымен күш сынасады.