logo

Геннадий Головкин Халықаралық Олимпиада комитетінің басшысымен кездесті

Геннадий Головкин Халықаралық Олимпиада комитетінің басшысымен кездесті

24 мамырда Лозаннада Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің Халықаралық Олимпиада комитетіне ресми іс-сапары аяқталды, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.

Олимпиада үйіндегі екі күндік тығыз бағдарламаның басты оқиғасы – Қазақстан ҰОК президенті Геннадий Головкиннің ХОК басшысы Томас Бахпен кездесуі болды.

Бах мырза әңгіме аясында ҰОК президенті Геннадий  Головкинді жауапты қызметке сайлануымен құттықтап, Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің жаңа басшылығына ХОК тарапынан қолдау көрсететінін жеткізді. ҰОК басшысы жаңарған команданың басты басымдықтарына назар аударып,  халықаралық әріптестік пен атлеттерді қолдау бағдарламаларына ерекше тоқталып өтті.

Геннадий Геннадьевич ҰОК-тің Халықаралық Олимпиада комитетіне сенімді серіктес болып қалатынын және ұйымның барлық бастамаларын, оның ішінде, спортшылар құқығын қорғауға арналған ұсыныстарды әрдайым қолдайтынын айтты.

Тараптар олимпиадалық күн тәртібіндегі маңызды мәселелерді және Олимпиадалық қозғалысты дамыту жұмыстарын, оның ішінде, қозғалысты Орталық Азия аймағында ілгерілету туралы сауалдарды талқылады.

Кездесуден соң ХОК басшысы Геннадий Головкинді ұйымның штаб-пәтеріне келген әйгілі атлеттер қолтаңба қалдыратын олимпиадашылар қабырғасына қол қоюға шақырды.



Күн шежіресі