Ресейлік мәнерлеп сырғанаушы Қазақстан атынан өнер көрсетпек
Софья Самоделкина Ресей мәнерлеп сырғанау федерациясынан Қазақстан атынан өнер көрсетуге рұқсат алды, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Ресейлік мәнерлеп сырғанаушы Қазақстан төлқұжатын 2023 жылдың тамыз айында алған. Самоделкинаның анасы ертеректе ҚР азаматы болғандықтан, паспорт алу процесі жалпыға ортақ тәртіпте өтті.
Еліміздің мәнерлеп сырғанау ұйымы Софья Самоделкинаның Қазақстан атынан өнер көрсетуі үшін Ресей тарапына арнайы өтінім берген.
Сәйкесінше Ресей мәнерлеп сырғанау федерациясы бейсенбі күні бұл өтінімді мақұлдаған деп хабарланады. Демек 17 жасар мәнерлеп сырғанаушы келесі маусымнан бастап Қазақстан азаматы ретінде әлемдік додаларда өнер көрсетуі бек мүмкін.
Алайда Самоделкинаның Қазақстан атынан толыққанды өнер көрсетуі үшін Халықаралық конькишілер қауымдастығы да (ISU) өз келісімін беруі қажет.
«Қазақстанның атынан шығудың ешқандай зияны жоқ деп ойлаймын. Мен бұл елді жақсы көремін. Бірнеше рет Денис Тен атындағы жарыстарға да қатысқан болатынмын», - деді С. Самоделкина.