Ғазиз Аманжолов: Алдағы екі жекпе-жекті жеңсем, белбеуге үміткер атанамын
NAIZA 84 турнирі қарсаңында «Еркін Күш» клубының өкілі Ғазиз Аманжолов Sport+ сайтына сұхбат беріп, дайындық барысы, командалық дайындықтың маңызы және алдағы қарсыласы туралы пікірін бөлісті.
— Ғазиз, жекпе-жекке дайындығыңыз қалай өтті? Дайындық қай жерде жүргізілді?
— Осы жекпе-жекке дайындығым өте жақсы өтті. Жаттығу жұмыстарын туған қалам — Ақтөбедегі «Еркін Күш» клубында өткіздім.
— Жеңілістен кейін жеңіс жолына қайта оралуға дайынсыз ба? NAIZA ұйымының белбеуіне қайтадан басты үміткер атануға қаншалықты дайынсыз?
— Иә, өткен жылы жолым болмады. Бірақ бұл жолы NAIZA 84 турниріне өте жақсы бабымда бара жатырмын. Алдағы уақытта, бұйырса, жарқын әрі тартысты жекпе-жектер өткізіп, жеңіс жолына қайта түсуге дайынмын.
Жалпы, NAIZA лигасымен келісімшартқа отырғанмын. Қазіргі таңда екі жекпе-жек өткіздім, тағы екі кездесу қалды. Егер алдағы жекпе-жектерімді сенімді жеңіспен аяқтасам, белбеуге үміткер атануға толық дайынмын.
— «Еркін Күште» өз жекпе-жектеріне бір уақытта бірнеше жауынгер дайындалды. Мұндай дайындықтың пайдасы тиді ме?
— Әрине, пайдасы өте көп болды. Командамыздағы ағаларымыз бен інілеріміздің барлығы бір күнде өнер көрсетеді. Бұған дейін ағаларымыз «Alash Pride» лигасында жұдырықтасты. Біз бәріміз бірге дайындалдық.
Мұның пайдасы зор болды деп ойлаймын. Себебі олардың тәжірибесіне қарап, өз қателіктерімізді түзетіп, қай тұста кемшілік жіберіп жүргенімізді байқап, сол бағытта жұмыс істедік.
Алдағы жекпе-жекке тек өз командамызбен ғана емес, Атыраудан келген Еламан Саясатов және Бердібек Сиражов ағаларымызбен бірге дайындалдық. Барлығымыз 57 келі салмақта жаттығып, спарринг өткізіп, күрес элементтерін пысықтадық, сондықтан турнирге мықты бабымда бара жатырмыз деп ойлаймын.
— Қарсыласыңызды зерттеп үлгердіңіз бе? Бұл жекпе-жекке арналған жоспарыңыз қандай?
— Иә, қарсыласымды зерттеп шықтым. Оның мықты және әлсіз тұстарын талдап, соған сәйкес дайындық жүргіздік.
Бұл спортшы маған өзі шақырту тастағаннан кейін матчмейкерлерге хабарласып, осы жекпе-жекті ұйымдастыруды сұрадым. Сондықтан бұл кездесу үшін арнайы жоспар құрдық. Оның қалай жүзеге асатынын жекпе-жек күні көресіздер деп ойлаймын.