Расул Хатаев: Петренкомен жекпе-жек тартысты өтті, бірақ жеңісіме күмәнданған жоқпын
«Alash Pride» лигасының чемпионы Расул Хатаев Sport+ сайтына берген сұхбатында Алматыда өткен «Brave» және «Alash Pride» бірлескен турнирінде Владимир Петренкомен жекпе-жек туралы пікір білдірді. Сондай-ақ ол NAIZA лигасында чемпиондық белбеу үшін жекпе-жек өткізетін клубтасы Николай Самусев туралы болжамымен бөлісті.
— Жекпе-жекке арналған жоспарым аяқпен және тіземен көбірек соққы жасап, боксты қолдану болатын. Бірақ жекпе-жекке бір апта қалғанда бүйірлік байламымды созып алдым. Соның салдарынан жоспарды өзгертуге тура келді: жағдайға қарай әрекет етіп, қарсыласты торға қысып ұстауға басымдық бердім. Жалпы, жекпе-жек тартысты өтті, бірақ кездесуді толық бақылауда ұстадым және төрешілер шешімі жарияланғанға дейін де жеңісіме күмәнданған жоқпын.
— Сенің жекпе-жектерің үшінші раундқа жиі жете бермейді. Бұл жолы өзіңді қалай сезіндің?
— Алғашқы титулдық қорғанысымда Леонардо Гимарайш қарсы жекпе-жек бесінші раундқа дейін созылған болатын. Жалпы өзімді жақсы сезіндім, тек соңғы минутты есептемегенде. Дайындық барысында кейбір қиындықтар болды, сондықтан жекпе-жек жоспарлағаннан сәл ауырлау өтті.
— Алдағы жоспарларың қандай? Лигамен талқы болды ма?
— Әзірге ешқандай әңгіме болған жоқ. Біраз үзіліс алып, жарақаттарымды емдеп аламын. Одан кейін жағдайға қарай шешім қабылдаймыз.
— 6 маусымда Ақтауда сенің клубтасың Николай Самусев NAIZA лигасының чемпиондық белбеуі үшін жекпе-жек өткізеді. Сендер бірге Шешенстанда дайындалдыңдар. Оның қазіргі дайындығын қалай бағалайсың?
— Коля өте жақсы формада. Ол сапалы оқу-жаттығу жиындарын өткізді. Сондықтан чемпиондық белбеуді жеңіп алуға барлық мүмкіндігі бар деп ойлаймын.