Бежан Қожалиев: Асу Алмабаев Джонсоннан өтіп, UFC титулына дейін жетеді

Бежан Қожалиев: Асу Алмабаев Джонсоннан өтіп, UFC титулына дейін жетеді

Әуесқойлар арасындағы ММА бойынша әлем чемпионы, NAIZA лигасының чемпиондық белбеуіне үміткер Бежан Қожалиев Dar Team командасында жаттығады.

Асу Алмабаевпен бірге жаттығу мүмкіндігі қалай пайда болғаны, алдағы жекпе-жегі және Бекжан Әбілқасымның кездесуі туралы болжамын Бежан Sport+ басылымына берген сұхбатында бөлісті.

— Сіз Dar Team командасындасыз. Базровпен жұмыс істеу мүмкіндігі қалай пайда болды? Жаттықтырушы және командамен жұмыс қалай жүріп жатыр?

— Мен Қазақстанға келген кезде клубым да, жаттығу орным да болған жоқ. Нұрбек Қарабалаға хабарластым, ол Dar Team командасымен келісуге көмектесетінін айтты және Эдуард ағамен сөйлесті. Кейін өзім жаттықтырушыға жаздым, ол мені өз залында жаттығуға шақырды. Командамен бірге оқу-жаттығу жиындарынан өттім. Ол өте жақсы жаттықтырушы, өте тәртіпті әрі мейірімді адам. Әлхамдулилла, онымен танысқаныма қуаныштымын. Иншалла, әлі де бірге жұмыс істейміз. Команда мені өте жақсы қабылдады, бәрі керемет өтті. Қазір бұрынғыдан да жақсы дайынмын.

— Асу Алмабаевпен бірге жаттығасыздар. Оның шеберлігі мен UFC чемпиондық белбеуі үшін күресуге дайындығын қалай бағалайсыз? Ол титулға жете ала ма?

— Асу — өте тәжірибелі әрі физикалық тұрғыдан мықты спортшы. Шынымды айтсам, жаттығуларда біз сияқты жастарға демалуға мүмкіндік бермейтін. Мен оның Джонсоннан өтетініне сенімдімін. Иншалла, ол UFC титулына дейін жетеді. Қазір өте жақсы формада жүр.

— Алдағы жоспарларыңыз қандай? Сізді октагонда қашан және қайда көреміз?

— Dar Team командасымен өте жақсы жұмыс атқардық. Маған 6 маусым күні Ақтауда өтетін турнирде жекпе-жек берілді. Көрермендерге тартысты әрі қызықты кездесу сыйлаймыз.

— Алдағы турнирде сіздің салмақ дәрежеңізде чемпиондық жекпе-жек өтеді. Әбілқасым титулын қорғайды. Жекпе-жекті көресіз бе және бұрынғы қарсыласыңыздың кездесуі туралы қандай ойдасыз?

— Әрине, мен сонда боламын. Олардың жекпе-жегін көру маған қызық. Екеуі де өте мықты спортшылар. Менің ойымша, кездесу бес раундқа дейін созылады. Бердібектің грэпплингі өте жақсы, ал Әбілқасымның соққы техникасы мықты. Сондықтан өте тартысты жекпе-жек болады деп ойлаймын. Екі спортшының да жеңіске мүмкіндігі бар. Бекжанның күреске қарсы қорғанысы жақсы, сондықтан оның жеңіске жету мүмкіндігі жоғарырақ деп есептеймін.



Күн шежіресі