logo

Еліміздегі қыздар арасындағы хоккей өте нашар дамуда - Дария Молдабай

Еліміздегі қыздар арасындағы хоккей өте нашар дамуда -  Дария Молдабай

Шайбалы хоккейден әлем чемпионаттарында ел намысын қорғап жүрген Қазақстан әйелдер құрамасының қорғаушысы Дария Молдабай Sport Plus Qazaqstan-ға берген сұхбатында бұл саладағы күрмеулі мәселелер, қарсылас команда мен алға қойған мақсаттары, жеке өмірі жайында айтты. 

– Қазақстан құрамасының әлем чемпионатында жеңіске жету мүмкіндігі қандай?

- Дайындық қызу, жеңіске жету үшін аянбай еңбектеніп жатырмыз.

– Турнир таулы аймақтарда өтетіні қиындық тудырмай ма?

- Сөзіңіздің жаны бар. Қиындық тумас үшін Андорраға ертерек келіп бой үйретіп, жаттығуымызды бастап кеттік.

– Андорра, Мексика елдерінде хоккей қаншалықты дамыған?

- Бұл елдерді экзотикалық ел деп айта алмаймын. Өйткені қазіргі уақытта қыздар арасындағы хоккей барлық елде қарқынды дамып жатыр.

– Биыл Олимпиадаға іріктеу өтеді. Қазақстан әйелдер құрамасының Миландағы Олимпиада ойындарына қатысу мүмкіндігі қандай?

- Қазіргі біздің басты мақсатымыз - Әлем чемпионатында лайықты ойын көрсету.

- Қазақстандағы әйелдер хоккейінің негізгі мәселелері мен болашағы қандай?

- Ең басты проблема - ойыншылар аздығы. Еліміздегі қыздар арасындағы хоккейдің даму деңгейін басқа елдермен салыстырсақ, өте нашар дамуда.

– Сіздің хоккейші екеніңізге жиі таң қала ма? Жақындарыңыздың арасында бұл  спорт түрімен айналысуыңызға қарсы болғандар бар ма?

- Әрине, оны жоққа шығара алмаймын. Жиі болып тұрады. Жарақат алған сайын хоккейді қоясың-ау деп қолқа салады. Бірақ бұл - спорт. Жарақатсыз болмайды, оған қарамай алға ұмтыламын.

Сіз биология факультетінде оқыдыңыз. Кәсіби спортшы үшін қалыпты жағдай емес. Неліктен биологияны меңгердіңіз?

- Негізі, «Биология және биотехнология» факултетінің ішінде дене шынықтыру және спорт мамандығын бітірдім. Ол жерде біз адам ағзасын зерттедік және әр бұлшық еттің калай қызмет ететінін біліп, қалай дамыту керегін меңгердік. Кәсіби спортшының міндетті түрде одан хабары болуы тиіс деп ойлаймын. 

– Сіз былтыр «Томиристің» құрамында «Айсұлуды» тізе бүктірдіңіз. Биыл неліктен жеңіске жету қиын болды?

- Чемпиондықты қорғау, чемпион болудан әлдеқайда қиынын. Үлкен спортта жеңіс те жеңіліс те болады. Жеңіліске қарамастан біз алға ұмтылудамыз.

- Жеке өміріңіз жайлы айтыңызшы...

- Сүйікті адамым жоқ. Болашақ жарым адамгершілігі мол, адал, мейірімді, қарапайым болса жеткілікті.