logo

Оралда жас хоккейшілер ойын кезінде төбелес шығарды

Оралда жас хоккейшілер ойын кезінде төбелес шығарды

Орал қаласындағы жабық мұз айдыны спорт сарайында шайбалы хоккейден Қазақстан жастар лигасының жергілікті «Ястребы» мен атыраулық «Жас батыр» командаларының матчында ойыншылар төбелесті, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.

Instagram әлеуметтік желісінде таралған бейнежазбадан мәлім болғанындай, борттың сыртында болған хоккейшілер бір-біріне жұдырық сілтеген.

Мәлімет көзіне қарағанда, содан кейін олардың командаластары арашалауға ұмтылған. Мінбедегі адамдар да араласқан.

Матч 3:0 есебімен оралдықтардың пайдасына аяқталған.

Қысқы спорт түрлері бойынша облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Александр Каракушиевтің түсіндіруінше, екінші кезеңнің аяқталуына санаулы минуттар қалғанда, әр командадан бір-бір ойыншыдан бас төрешінің шешімімен бәсекенің соңына дейін айдыннан қуылған.

Екі ойыншы киімдерін ауыстырып келгеннен кейін бір-бірімен төбелескен. Оларды айыруға тағы біреуі кіріскен. Арнайы жасақ жауынгерлері ойыншылардың арасында болған жанжалды дер кезінде басты, - деді А.Каракушиев.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі 18 ақпан күні болған оқиғаны растап, аталмыш сарайда қоғамдық тәртіпті сақтауға полиция қызметкерлерінің тартылғанын жеткізді.