logo

Елена Рыбакина WTA чемпиондық кестесінде екінші орынға көтерілді

Елена Рыбакина WTA чемпиондық кестесінде екінші орынға көтерілді

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Доха жарысының финалисі атанғаннан кейін WTA чемпиондық кестесіндегі жағдайын жақсартты, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.

Жаңартылған чемпиондық кестесінде беларустық Арина Соболенко 2325 ұпаймен көш бастаса, қазақстандық теннисші (1828 ұпай) 4-тен екінші орынға көтерілді.

Доха WTA 1000 турнирінің чемпионы, Польша өкілі Ига Швентек (1630 ұпай) 9-дан жоғарылап, үздік үштікке ілікті.

Қытайлық Чжэн Циньвэнь (1495) мен латвиялық Елена Остапенко (1358) төртінші, бесінші орында тұр.

WTA-ның бүгін жаңартылған рейтингісінде алғашқы төрттікте өзгеріс бола қойған жоқ: Ига Швентек, Арина Соболенко, америкалық Кори Гауфф және Елена Рыбакина алда келеді.

Тағы бір қазақстандық Юлия Путинцева 76-дан 77-ге, Жібек Құламбаева 489-дан 491-ге, Гөзал Айнитдинова 745-тен 751-ге сырғыды.

Жұптық сында Анна Данилина 45-тен 47-ге төмендесе, Ж.Құламбаева 143-сатыда.

Бүгін Дубай WTA 1000 додасында Елена Рыбакинаның қарсыласы анықталады. Беларустық Виктория Азаренко мен нидерландтық Аранча Рустың  жеңгені екінші айналымда қазақстандық теннисшімен кездеседі.