Дзюдо: Ғалия Тынбаевадан өзге қыздар жаппай ұтылып қалды
Астанада өтетін дзюдодан Qazaqstan Barysy Grand Slam додасында бүгін татамиге шыққан бұрымды балуандарымыздан Ғалия Тынбаева үшінші кезеңге өтті, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
48 келі салмақта белдескен ол тунистік спортшыны таза жеңді. Ғалияның келесі қарсыласы - тайпейлік Чин Хао Лин.
Өкінішке қарай, бүгін татамиге шыққан Тынбаевадан өзге аруларымыз жаппай қарсыластарына ұтылып қалды.
Нақтырақ айтсақ, Алира Шегелекева, Диана Буркеева, Жібек Жақсыбай (барлығы да - 48 келі) бірінші белдесулерінде қарсыластарына жол берді.
Сондай-ақ, 52 келідегі Алима Жұмағалиева, Балнұр Әбдешева, Толғанай Әбеуова және Аружан Ережеповалар да екінші айналымға өте алған жоқ.
Айта кетейік, аталған турнир Париж Олимпиадасының соңғы лицензялары сарапқа салынатын басты додалардың бірі. Бұл бәсекеге әлемнің 92 елінен 519 татами шебері қатысып жатыр. Олардың қатарында 3 Олимпиада, 13 әлем чемпионы сынға түсуде.
Бұл бәсекенің нәтижесінде IJF ережелеріне сәйкес жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері арасында әлемдік және олимпиадалық рейтингілерде ұпайлар бөлінеді.
Атап айтқанда, І орын үшін 1 000, ІІ орын үшін – 700, ал ІІІ орын үшін – 500 ұпай есептеледі.
Байрақты дода 2024 жылы Парижде өтетін жазғы Олимпиада ойындарының қарсаңындағы соңғы лицензиялық Grand Slam жарысы болмақ.