Допинг қолданған спортшының бапкері де жауапқа тартылады – Елсияр Қанағатов
Олимпиада ойындарына лицензия жеңіп алған спортшылар жарысқа адал қатысуы керек, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
«Париж Олимпиадасының басталуына санаулы күндер қалды. Бүгінге дейін ел спортшылары 17 спорт түрінен 50 жолдама жеңіп алды. Енді осы лицензияға қол жеткізген ойыншыларымыз допинг қолданып қоюдан ерекше сақтануы тиіс.
Бұл мәселені әр спортшының жеке бапкерлері де басты назарда ұстауы керек. Егер шәкірті тиым салынған препараттар қолданған жағдайда, бапкерлері де жауап беретін болады. Себебі бүгінгі таңда дирекция тарапынан олардың барлығы оқу-жаттығу жиындарымен толық қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, медальдар мен лицензияларға үміткер спортшылардың материалдық жағдайын қолдау үшін келісімшарттар сомасы да ұлғайтылды.
Қайда барса да, спорттық киім, жайлы жатар орын, тамақ, жолақылары, барлығы мемлекеттің қаржысымен қамтамасыз етілген. Осындай қолдауды сезіне тұрып, допинг дауына іліккен спортшыларға кешірім жоқ», - деді Елсияр Қанағатов.
Естеріңізге сала кетейік, XXXIII жазғы Олимпиада ойындары Франция астанасы Париж қаласында 26 шілде-11 тамыз аралығында өтеді.