Дастан Айтпанбет: Қазақстан чемпионаты Әлем чемпионатан әлде қайда қиынырақ
Джиу-джитсудан бес дүркін әлем чемпионы, жатықтырушы Дастан Айтпанбет Sport Plus Qazaqstan арнасында қонақта болып, джиу-джитсу жайлы айтып берді.
– Бұл спортқа мен 19 жасымда келген болатынмын. Оған дейін мен еркін күрес пен жекпе-жекке қатысып, бағымды сынап көрдім, бірақ бұл спорт түрлерінде өзімді таппадым. Джиу-джитсумен айналыса келе өзімнің шәкірттерімді тәрбиелеп, көк туымызды желбіретіп жатырмын.
– Джиу-джитсуда қара белбеуге жету үшін қанша кезеңнен өту керек?
– Балаларда бірінші ақ белбеу, кейін сұр белбеу, сары, қызғылт және соңғы жасыл белбеу. 16 жасқа дейін айналысып келе жатса, онда көк, қоңыр және қара белбеулерге ие болады. Одан кейін тағы корал және қызыл белбеулер бар.
– Грепплинг пен джиу-джитсудың айырмашылығы неде?
– Джиу-джитсуда дзюдодағыдай кимономен, ал грепплингте ММА-дай кәдімгі шорты мен рашгардпен шығады. Әр ұйымның өзінің кішігірім ережелері болады.
– Әлем чемпионаты мен Қазақстан чемпионаты арасында қандай айырмашылықтар бар?
– Негізі, Қазақстан чемпионаты қиынырақ. Әр қазақстандықтың мақсаты көк туымызды желбірету. Сондықтан бәрі бар күшін салады. Мен өзім джиу-джитсудан неваза түрінен Қазақстан чемпионы болып көрмедім. Бірақ кәсіпқойлар арасында әлем чемпионы, грепплинг AIGA-дан чемпион болдым. Грепплингтен Қазақстан чемпионы болып көрмедім, бірақ әлем чемпионы болдым.