Бұл нағыз басыну: белгілі журналист Қазақстан футбол құрамасының жаңа бапкерін сынады
Журналист, жазушы Сәкен Сыбанбай футболдан Қазақстан құрамасының жаңа бас бапкері Станислав Черчесовтің баспасөз мәслихатындағы әрекетін сынап, оның кешірім сұрауын талап етті, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Сәкен Сыбанбайдың жазуынша, оған Астанадағы баспасөз мәслихатында Станислав Черчесовке журналист Нұрсұлтан Құрманның қайта-қайта қазақша сұрақ қойғаны ұнамай қалған.
«Оның бастапқыда қазақша қойған сұрағын ҚФФ президенті Әділет Барменқұлов орысшаға аударып берген. Ал журналист екінші рет қазақша сауал тастағанда Станислав Черчесов жатып кеп ренжіпті.
Ресейлік бапкер неге сұрақты орысша қоймайсыз, мен қазір сізге өз ана тілім – осетин тілінде жауап берсем не болады. Оны ешкім түсінбейді ғой.
Бірінші қазақша сауалыңызды федерация президенті аударып берді, енді ол кісіні қайта-қайта әурелеймін бе. Өтініш жасау бірінші рет тегін болады, ал кейіннен ондай жүрмейді деген», - деп жазды журналист.