Біз көп нәрсеге лайық едік: Роналду Еуро-2024 турниріндегі жеңілісінен кейін мәлімдеме жасады
Футболдан Португалия құрамасының капитаны Криштиану Роналду Еуро-2024 турниріндегі жеңілісінен кейін өзінің Instagram желісіндегі парақшасында мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Еуропа біріншілігінің ширек финалында Португалия құрамасы Франциядан пенальти сериясында (3:5) есе жіберіп қойды.
«Біз көп нәрседен үмітті болдық. Біз көп нәрсеге лайықты едік. Өзіміз үшін. Әрқайсыңыз үшін. Португалия үшін. Осы уақытқа дейін қолдау көрсеткендеріңіз үшін және осындай деңгейге жеткеніміз үшін сіздерге алғысымыз шексіз.
Сондай-ақ бұл жетістіктер алаңда да, алаңнан тыс та өзінің бағасын алатынына және жалғасын табатынына сенімдіміз», - деп жазды Роналду.
Роналду 2003 жылдан бері Португалия құрамасында өнер көрсетіп келеді. Осы уақыт аралығында ол ұлттық құрама сапында 212 матчқа қатысып, 130 гол соғып, 47 нәтижелі пас берді.