«Барыс» 0:2 есебінен таразы басын теңестіргенімен, чемпионат көшбасшысына овертаймда жол берді
«Барыс» бес матчқа созылған үй сериясын осы маусымның айқын көшбасшысы — «Металлургке» қарсы ойынмен жалғастырды.
Астаналықтардың бапкерлер штабы құрамға бір ғана өзгеріс енгізді: Дмитрий Бреустың орнына жетінші қорғаушы ретінде Кирилл Никитин өтінімге қосылды.
Алаң иелері кездесудің алғашқы бөлігін сәтті өткізіп, үзіліске дейін қарсылас қақпасына 15 рет дәл соққы бағыттады. Алайда есепті магнитогорлықтар ашты. Олар сирек мүмкіндіктерінің бірін тиімді пайдаланды: Артём Минулиннің соққысынан кейін Руслан Исхаков сәтті қосымша соққымен көзге түсті. Екінші жиырма минуттықтың басында «Металлургтің» 22-нөмірлі ойыншысы дубль авторы атанды.
Бұған жауап ретінде Дінмұхамед Қайыржан Александр Смолиннің қақпасының бағанасын дәлдеп, таразы басын теңестіруге шақ қалды. Ал 36-минутта Тайс Томпсон басымдықта ойнап, қонақтар қақпасына шайба соғып, есеп айырмасын қысқартты.
Қорытынды кезеңнің басында Всеволод Логвин «бірге-бір» жағдайын пайдалана алмады. Дегенмен «Барыс» дегеніне жетті: Райли Уолш есепті теңестірді. Ойын соңында бірнеше әсерлі сейв жасаған Никита Бояркиннің сенімді өнері астаналықтарға бір ұпай алып, матчты овертаймға жеткізуге мүмкіндік берді.
Алайда қосымша уақытта Дерек Барак «Металлургке» жеңіс сыйлады. Кездесу қорытындысы бойынша Бояркин 32 соққыны қайтарды.
20 ақпанда Михаил Кравецтің шәкірттері өз алаңында шанхайлық «Айдаһарларды» қабылдайды.