logo

Бағлан Жақанша: Жеңілісті қателіктермен жұмыс істеуге себеп деп қабылдаймын

Бағлан Жақанша: Жеңілісті қателіктермен жұмыс істеуге себеп деп қабылдаймын

Грек-рим күресінен аралас жекпе жекке ауысып, бес кездесуде жеңіске жеткен Бағлан Жақанша жақында Пәкістанда өткен BRAVE 85 турнирінде алғашқы жеңілісіне ұшырады. Жеңіл салмақтағы жекпе жекте жергілікті Исмаил Ханға есе жіберген Бағлан Sport Plus Qazaqstan тілшісіне сұхбат берді.

— Пәкістандағы жеңіліс мен үшін ауыр тиді. Бұл менің ММА мансабымдағы алғашқы сәтсіздік. Дегенмен, өмір жалғасады. Бұл нәтижені мұңаюға емес, керісінше өзіңді жинақтап, қателіктермен жұмыс істеуге, бұдан да көбірек еңбектенуге себеп деп білемін. Дайындық жоғары деңгейде өтті, тек салмақ қуу барысы қиынға соқты. Пәкістанда ауа райына бойым үйренбей, тамақтанудан да қиналдым. Бірақ бәрінен де қалыпқа келу дұрыс болмады деп ойлаймын. Алғашқы раундта басымдық таныттым, ал екінші раундта қолым «қатып қалды». Спортшылар бұл жағдайды жақсы түсінеді.

- Осы жекпе жекті ұйымдастырушылармен келісім шарт жасалды солай ма?

- BRAVE лигасымен тек бір жекпе жекке келісім шарт жасадық. Алдағы уақытта ұсыныстар болса қабылдауға дайынмын.

- Сыңарыңыз Қорланмен боз кілемде бірге өнер көрсеттіңіздер, аралас жекпе жекке келетін жоспары жоқ па?

- Егізімнің ондай жоспары жоқ, жақында ғана Алматы облысындағы спорт мектебінің директоры қызметіне тағайындалды. Сол үшін бұдан былай Отандық спорттың дамуына сол тұрғыдан үлес қосады. Қорлан тіпті төбелесем десе де, мен оны октагонға шығармаймын. Бауырымның жұдырықтасқанын көргеннен, өзім шыққаным артық.



Күн шежіресі