logo

Азия Кубогы: Тәжікстан құрамасы ширек финалға шықты (видео)

Азия Кубогы: Тәжікстан құрамасы ширек финалға шықты (видео)

Қатарда өтіп жатқан футболдан Азия кубогында Тәжікстан құрамасы ширек финалға жолдама алды, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.

Тәжікстан құрамасы 1/8 финалда Біріккен Араб Әмірлігі футболшыларымен күш сынасты.

Тәжік футболшылары құрлықтық додаға биыл тұңғыш мәрте қатысып отыр.

Соған қарамастан А тобында Қытай мен Ливанды артқа салып, екінші орынға табан тіреді. Алда тек Қатар құрамасы бар.

Бұл кездесуде тәжікстандық футболшылар жақсы ойын өрнегін көрсетті. Нәтижесінде Вахдат Ханонов 30-минутта қарсылас құрама қақпасынан саңылау тауып кетті.

БАӘ құрамасы алға қарай ұмтыла түсті. Десе де бірінші кезеңде таблодағы есепке өзгеріс енген жоқ.

Ойынның 95-минутында олардың қатарынан Халифа Аль-Хаммади таразы басын теңестірді.

Осылайша ойын овертаймға ұласты. Овертаймда жеңімпаз анықталған жоқ. Пенальти сериясында тәжкістандықтар мүлт кетпей, жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.

Енді олар ¼ финалда 2 ақпанда Ирак және Иордания жұбының жеңімпазымен кездеседі.

Айта кетсек, Тәжікстан құрамасы құрлықтық додада тұңғыш мәрте бақ сынап отыр.

Сондай-ақ, 1/8 финалда Австралия құрамасы Индонезияны 4:0 есебімен тізе бүктіріп, ширек финалға жолдама алды.

Жарыстың аталған сатысында 29 қаңтарда Қатар мен Палестина, Ирак пен Иордания ойнайды.

Ал Өзбекстан құрамасы 30 қаңтарда 1/8 финалда Таиландпен кездессе, бұл күні Сауд Арабиясы мен Оңтүстік Корея шеберлік байқасады.



Күн шежіресі