logo

Аслан Дарабаев: Командасыз болғанда бейне роликтер түсірдім, бірақ монтаж жасау оңай іс емес екен

Аслан Дарабаев: Командасыз болғанда бейне роликтер түсірдім, бірақ монтаж жасау оңай іс емес екен

Семейлік «Елімай» командасының жартылай қорғаушысы Аслан Дарабаев Sport Plus Qazaqstan сайтына берген сұхбатында командасыз жүрген бос уақытын неге арнағанын және жасыл алаңға қайта оралуы жайлы айтты.

— «Елімай» сапына ауысуға кім ұсыныс білдірді?

— «Елімай» клубының спорт директоры хабарласты. Сөйлесіп, барлық шарттарды талқылап, бір шешімге келдік. Команда алдына үлкен мақсаттар қойған сәтте, оның бір бөлігі болу әрдайым қызық.

— Не себепті ұзақ уақыт командасыз жүрдіңіз? Командалармен қаражат жағынан келісе алмадыңыз ба?

— Мені екі-үш команда қызықтырды. Жеке себептер бойынша ол клубтардан қоңырау күттім. Басқа ұсыныстарды кейінге қалдырдым. Себебі, шынымды айтсам қызығушылық болмады.

— Команда қалай қарсы алды? Жасыл алаңға оралу қиынға соқпады ма?

— Клуб және ұжым керемет. Командадағы атмосфера тамаша. Барлығы бір-бірімен жақсы қарым-қатынаста. Ұзақ уақыт ойын практикасы болмағандықтан, алаңға оралу қиын болады деп күттім. Қазір оптималды формадамын.

Аслан Дарабаев: Командасыз болғанда бейне роликтер түсірдім, бірақ монтаж жасау оңай іс емес екен

— Карпович қандай ойын стиліне басымдық береді?

— Біз үшін бірінші кезекте әр ойында жеңіске жетіп, 3 ұпай иелену. Бас бапкер әрдайым шабуылға бағытталған футболды қояды. Біздің ойын жүйемізден де байқауға болады.

— Алдыңызға Ұлттық құрамаға ораламын деген мақсат қойдыңыз ба?

— Мен үшін басымдық жоғары деңгейде, үлкен ойындарда ойнау, сол себепті Ұлттық құрамаға шақыру бірінші кезекте. Мен Ұлттық құрама сапында ойнауға әрқашан дайынмын.

Командасыз жүрген бос уақытыңызды неге арнадыңыз?

—  Бос уақытымды отбасыммен өткіздім. Бейне роликтер түсірдім. Бірден айтайын, түсіріп, монтаж жасау оңай іс емес екен. Алайда, өте қызықты.