Ақтауда бұрынғы президент резиденциясының орнында стадион салынады
Ақтауда бұрынғы президент резиденциясы орналасқан жерде ірі спорттық және мәдени кешен құрылатын болады. Бұл туралы Маңғыстау облысының әкімі аймақ тұрғындарымен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды Sport+.
«Самал» шағын ауданында орналасқан 225 гектар аумақта 10 мың орындық стадион, үлкен мешіт және балалар алаңдары салынады. Сонымен қатар, жағалау аймағында шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған нысандар қарастырылған.
«Аталған аумақ қаланың бас жоспарына енгізілді. Қазіргі уақытта келісу және мемлекеттік сараптамаға дайындық кезеңдері жүргізілуде. Жер телімі 2023 жылдың жазында мемлекет меншігіне қайтарылған. Сол кезде учаскенің бағалау құны шамамен бір миллиард теңгені құрады», — деді облыс әкімі.