logo

Америкалық көкпаршының ерекше жаттығуы қазақстандықтарды таңқалдырды

Америкалық көкпаршының ерекше жаттығуы қазақстандықтарды таңқалдырды

Америкалық көкпаршы Ник Уиллерттің Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясындағы көкпар сайысына дайындығы әлеуметтік желіде көптің назарына түсті, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.

Көкпаршы дайындық барысында серкенің орнына гір тасын пайдаланып, ал жылқыны қолдан жасалған ағаш атқа алмастырған.

Айта кетейік, Ник Уиллерт – көкпардан АҚШ құрамасының спортшысы, Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында көкпар және аударыспақ (ат үстіндегі күрес) спорты бойынша бақ сынамақ. Сонымен қатар, Уиллерт көкпардан басқа шаңғы, серфинг және ММА спортымен шұғылданады.

«2018 жылы АҚШ құрамасының қатарында көкбөрі спортына және ат үстіндегі күреске қатысқан алғашқы америкалық болдым. Ал Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында кәсіби спортшылармен бәсекеге түсу мүмкіндігіне ие болғаныма өте қуаныштымын. Мінекей, менің Қазақстанға барсам деген арманым орындалмақ. Талай уақыттан бері бұл мекенге саяхаттауды жоспарлап едім, енді осы мүмкіндік үшін алғыс айтқым келеді. Әрине, көпшілік АҚШ спортшыларын көкпар мен ат үстіндегі күресте оңай қарсылас санауы мүмкін. Десе де бар мүмкіншілігімізді көрсетіп, деңгейіміздің өскенін дәлелдей аламыз деп ойлаймын», - деп атап өтті спортшы.

Америкалық көкпаршы бұған дейін 2018 жылғы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында және 2020 жылы көкбөрі спортынан чемпионатта өнер көрсетіп үлгерген.