logo

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына СҚО-дан екі сәйгүлік қосылады

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына СҚО-дан екі сәйгүлік қосылады

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Солтүстік Қазақстан облысы да қатысып, Қазақстан құрамасында өнер көрсетпек, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.

Қазіргі уақытта атбегілер көптеген жарыстарда алдына жан салмаған «Аквамарин» және «Қамысқұлақ» атты тұлпарларды жаратып жатыр.

СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, «Аквамарин» атты сәйгүлік Азия кубогының бес дүркін жеңімпазы, Ат спорты түрлерінен облыс Кубогында жеті шақырым қашықтықтағы жорға жарыста мәре сызығын бірінші болып кесіп өтті. Айыртау ауданында өткен ұлттық спорт түрлерінің облыстық фестивалінде және Алматы облысының Кубогында кезекті жеңіске жетті. 

«Тоғыз жасар француз жылқысы бабында, өте еңбекқор, жігерлі, икемді әрі ақылды. Оған қандай талап қойылғанын бірден ұғады. Жалпы «Аквамарин» қазір ипподромдағы ең мықты жылқылардың бірі», - дейді ат спортынан ҚР спорт шебері Евгений Чибисов.

«Қамысқұлақ» атты екі жасар құнанды V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында өнер көрсетуге атбегі Қуаныш Шахамбаев дайындап жатыр. Қуаныш кезінде ат жарыстарда жокей ретінде өнер көрсетті, ал қазір жарыстарға жылқыларды жаратумен айналысады.

«Қамысқұлақ» тамыз айының басында Павлодар облысында өткен Қазақстан чемпионатында құнан бәйгеге қатысты. Он шақырым қашықтықты оңай еңсеріп, жеңіске жетті. Енді V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында 11 км қашықтықтағы құнан бәйгеге қатысады. 



Күн шежіресі