Әлемнің үш дүркін чемпионы болуға тырысамын: Назым Қызайбай
Олимпиада жүлдегері Назым Қызайбайды алматылықтар салтанатты түрде күтіп алды, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
БАҚ өкілдерінің сұрағына жауап берген Назым Қызабай жарыстан кейінгі өз әсері туралы баяндады.
«Жалпы Олимпиада жақсы өтті. Жаттықтырушыммен жақсы дайындалып, қолаға қол жеткіздік. Халықтың күтіп алғанына қарап, жеңіске жеткенімді енді сезініп жатырмын.
Жанкүйерлерге мың алғыс. Барша Қазақстанның қолдауын сезіндім. Парижде жүріп, ең бірінші анамның тамағын аңсадым», - деді ол.
Сондай-ақ, Олимпиада жүлдегері әлемнің үш дүркін чемпионы болуға мақсат қойғанын тағы да атап өтті.
«Алдағы жоспар туралы айтар болсам, Олимпиададан енді ғана келдік, сондықтан біраз демаламын. Әрі қарай бапкеріммен ақылдасып, шешім қабылдаймыз.
Бірақ бізде үш дүркін әлем чемпионы жоқ. Сондықтан тарихта із қалдыру үшін барымды саламын және соған қол жеткіземін деп ойлаймын», - деді Назым Қызайбай.