Қырғыз Республикасы Парижде тарихи жүлдесіне қол жеткізді
Франция астасы Париж қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында Қырғызстан құрамасы 2 күміс, 4 қола медаль иеленді, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Бұл елден әйелдер күресінен Мейірім Жұманазарова мен боксшы Мұнарбек Сейітбекұлы күміс медаль еншілесе, грек-рим күресінен Жоламан Шаршенбеков, Ақжол Махмудов, Узур Жузупбеков, әйелдер күресінен Айсұлу Тыныбекова қола жүлдеге қол жеткізді.
Өкінішке қарай, қырғыздар Олимпиада ойындарынан әзірге алтын медаль ала алмай келеді. Десе де, Парижде боксшы Мұнарбек Сейітбекұлы қырғыз тарихына бокстан алғашқы күміс жүлдені сыйлады. Ол алтынға бір қадам қалғанда Өзбекстанның қазіргі Азия және әлем чемпионы Абдумалик Холоковқа қарсы жекпе-жекте ұтылды.
Бірақ, еліне тарихи медаль сыйлады. Осыған дейін Қырғыз елі бокстан Олимпиада ойындарында жүлдеге іліге алмай келген болатын.
Мұнарбек Сейітбекұлы бокстан Қырғызстан намысын 57 келі салмақта қорғады.
Қырғыз боксшысы жартылай финалда болгариялық Хавьер Диаз Иванезді 4:1 есебімен қапы қалдырып, Париж Олимпиадасының финалына шыққан болатын.
Мұнарбек Сейітбекұлы — 2017 жылдан бері Қырғызстанның ұлттық бокс құрамасының мүшесі. 2018 жылғы студенттер арасындағы бокстан әлем чемпионатының қола жүлдегері, 2018 жылғы Қырғызстан чемпионы, 2019 жылы Екатеринбургте және 2021 жылы Белградта өткен әлем чемпионаттарына қатысқан.
2023 жылы Ташкентте өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері. Осы жеңісінен кейін Қырғызстан президенті Садыр Жапаров спортшыға екі бөлмелі пәтер сыйлаған.
Мұнарбек Сейітбекұлы 2023 жылдың қорытындысы бойынша Қырғызстанның ең үздік спортшысы атанған.