Александр Бублик Германиядағы жарыстың 1/8 финалына шықты
Қазақстанның бірінші, әлемнің 17-ракеткасы Александр Бублик Галле (Германия) ATP 500 турнирінің 1/8 финалына шықты, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Жарыстың 7-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін дүниежүзілік рейтингіде 101-рейтингіде тұрған аустралиялық Макс Перселмен өткізді.
Бірінші партияда тай-брейкте Бублик сәтті ойнады - 7:6 (7:1). Екіншісінде де есесін жібермеді - 6:4. Бір сағат 26 минутқа созылған бәсеке барысында Бублик 14 эйспен бірге 3 брейк-пойнттан шашау шығарған жоқ. Перселл 5 эйс, 2 брейктен (7 брейк-пойнт) аса алмады. Александр Бублик ширек финалға өту үшін әлемнің 44-ракеткасы, америкалық Кристофер Юбэнкспен таласады.
Өткен жылы осы додада жеңімпаз атанған А.Бубликке биылғы турнирді барынша табысты өткізу маңызды. Әйтпесе өткен жылы алған рейтингілік ұпайынан айырылып, ТОП-20-дан шығып қалады.