Александр Бублик Штутгарт турнирін екінші айналымнан бастайды
Қазақстанның бірінші, әлемнің 17-ракеткасы Александр Бублик 10-16 маусымда өтетін Штутгарт (Германия) ATP 250 турнирінде бақ сынайды, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Қазақстанның көшбасшы теннисшісі аталмыш жарыста 3-ракетка болып тіркелген. Сол себепті бірден екінші айналымға өткен А.Бублик әлемнің 42-ракеткасы, мажарстандық Фабиан Марожан немесе әлемдік рейтингіде 135-орындағы сербиялық Хамад Меджедовичтің қай жеңгенімен кездеседі.
Штутгартта дүниежүзілік рейтингіде 4-сатыда тұрған, биылғы Ролан Гарростың финалисі, германиялық Александр Зверев 1-ракетка болып тіркелген. Өткен жылы мұнда америкалық Фрэнсис Тиафо үздік шықса, А.Бублик қатыспаған еді. Сондықтан биыл табысты өнер көрсетсе, қазақстандық теннисшінің рейтингіде жоғары көтерілуі ықтимал.
Бүгін жаңартылған ATP рейтингісінде А.Бублик – 17, Александр Шевченко 59-орнын сақтап қалды. Михаил Кукушкин 136-дан 135-ке көтерілсе, Денис Евсеев 167-ден 171-ге, Бейбіт Жұқаев 171-ден 193-ке, Тимофей Скатов 199-дан 234-ке сырғыды. Есесіне Дмитрий Попко 244-тен 231-ге жоғарылады.
Жұптық сында Александр Недовесов 40-тан 43-ке төмендеді.