Айару Қалысбек кадеттер арасындағы каратэден әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды
Польшаның Бельско-Бяла қаласында өтіп жатқан каратэден әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы алғашқы медалін жеңіп алды, деп хабарлайды Sport+ Қазақстан каратэ федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгін қазақстандық спортшы Айару Қалысбек кадеттер арасындағы кумитэ бағдарламасында 61 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қола жүлдегер атанды. Үшінші орын үшін өткен белдесуде ол сербиялық Анастасия Рудинацты 5:2 есебімен сенімді түрде жеңді.
Бұған дейін Айару топтық кезеңде Финляндия, Албания және Испания спортшыларынан басым түсіп, келесі кезеңге жолдама алған болатын. Ширек финалда қазақстандық каратэші жапониялық Кохару Сатоны 4:0 есебімен айқын жеңді.
Ал жартылай финалда Айару америкалық Михаэла Аркаленмен кездесті. Тартысты өткен жекпе-жекте АҚШ өкілі 6:3 есебімен жеңіске жетті.
Айта кетейік, бүгін әлем чемпионатында финалдық жекпе-жектер жалғасуда. Алда Қазақстан құрамасының тағы бір өкілі Сұңқар Қанибек алтын медаль үшін сынға түседі. Ол жасөспірімдер арасында 76 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді.
Шешуші жекпе-жекте Сұңқардың қарсыласы шотландиялық Броди Каллен болмақ.