Қазақстандық теннисшілер Франция чемпионатында сербиялық жұпты ұтты
Қазақстандықтар Александр Бублик пен Александр Шевченко жұптық сында Франция ашық чемпионатының екінші айналымына шықты, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Қазақстандық жұп Ролан Гарростың алғашқы айналымында сербиялықтар Миомир Кецманович – Душан Лайовичты жолдан тайдырды.
Бірінші партияда қос Александр 6:4 есебімен басымдылық танытса, екіншісінде сербиялық дуэт есе қайырды – 6:1.
Үшінші, шешуші сетте Бублик – Шевченко жеңісті жұлып алды – 6:3. Бір сағат 37 минутқа созылған бәсеке барысында екеуі 2 эйс, 19 брейк-пойнттың жетеуін пайдаланды. Сербиялық жұп та 2 эйс, 7 брейкпен (17 брейк-пойнт) көзге түсті.
Александр Бублик – Александр Шевченко үшінші айналымға өту үшін доданың 8-ракеткалары, аргентиналықтар Максимо Гонсалес – Андрес Мольтенимен шеберлік таластырады.
Бұдан бұрын Бублик пен Шевченко жекелей сында екінші айналымда-ақ жарыстан шығып қалған еді.