Әйгілі теннисші Новак Джоковичтің бапкері Елена Рыбакинаны жаттықтыратын болды
Қараша айынан бастап Новак Джоковичті бес жыл жаттықтырған бапкер Горан Иванишевич қазақстандық теннисші, әлемдік рейтингте бесінші орында тұрған Елена Рыбакинамен жұмыс істей бастады, деп хабарлайды Sport +.
Бұл туралы Елена Рыбакина WTA Финалдық турнирі алдында өткен баспасөз мәслихатында хабарлады.
«Турға қайта оралғаныма қуаныштымын. Бұл жолы WTA туры болады. Командаңа қосылғаныма қуаныштымын, Елена», — деп жазды Иванишевич әлеуметтік желідегі парақшасында.
Қазақстандық теннисші US Open – 2024 турнирінен кейін кортқа шыққан жоқ, ол турнирдің екінші кезеңінде жарыстан шығып қалды. Бұған дейін ол бапкері Стефано Вуковпен жұмысын тоқтатқанын жариялап, WTA – 2024 Финалдық турнирінің басталуына дейін жаттықтырушысыз қалған болатын. Еске салайық, Рыбакина WTA Финалдық турнирінде күлгін топқа енді, бұл топқа Арина Соболенко, Жасмин Паолини және Чжэн Циньвэнь де кіреді.
Ал Горан Иванишевич — хорватиялық бұрынғы кәсіби теннисші, 2001 жылғы Уимблдон турнирінің чемпионы. Ол әлемдік рейтингте екінші орынға дейін көтерілген және мансабында 22 ATP турнирінде жеңіске жеткен.