Айдар Махметов Нұрғожайдың UFC-дегі дебюті туралы: Диярды фаворит ретінде көремін

Қазақстандық сарапшы, ММА спорт шебері, бразилиялық джиу-джитсудан қара белбеу иегері Айдар Махметов Sport+ үшін арнайы қазақстандық жартылай ауыр салмақтағы файтер Дияр Нұрғожайдың UFC-дегі дебюттік жекпе-жегіне өз болжамын жасады.
Ол бұл кездесуде Нұрғожайды фаворит ретінде көретінін айтты. Айдар Махметовтың пікірі:
«Жыл соңында Дияр DWCS арқылы UFC-ге өтіп, енді дебют жасайды. Қарсыласы — Бразилиядан шыққан мықты ортаңқол файтер Брендсон Рибейро. Ол да UFC-ге үміткерлер сериясы арқылы келді, бірақ қазірдің өзінде үш жекпе-жек өткізіп үлгерді. Қысқа мерзімде шыққан екі жекпе-жегінде қатарынан жеңіліп, соңғысында жеңіске жетті. Қазір ол UFC-ден кетудің аз-ақ алдында тұрған жаралы жыртқыш тәрізді, яғни екі есе қауіпті. Сондықтан Дияр өте мұқият болуы керек.
Дияр негізінен грек-рим күресінің спорт шеберлігіне үміткер, бірақ соққы техникасы да айтарлықтай жақсы. Қазір оның басты мақсаты — дебюттік жекпе-жегінде жарқын өнер көрсету. Қарсыласы осыған ыңғайлы. Мен Диярды фаворит ретінде көремін, ең бастысы — бұл жеңіс барынша әсерлі болуы керек», — деді Махметов.
Махметовтың жекпе-жекке толық болжамын төмендегі сілтеме арқылы көре аласыз.