Әділбек Жұмаханов «Ақтөбеге» қарсы ойын туралы: Қарсылас бізден басым болған жоқ
«Атырау» футбол клубының қорғаушысы Әділбек Жұмаханов Sport Plus Qazaqstan телеарнасына берген сұхбатында «Ақтөбеге» (1:1) қарсы ойын туралы пікір білдірді.
- Ойын қиын болды. «Ақтөбе» - ел чемпионатының фавориттерінің бірі. Есеп ойынға сәйкес деп ойлаймын - «Ақтөбе» бізден басым болған жоқ. Аллаға шүкір Ақтөбеден бір ұпаймен оралудамыз. Қарсыластарды осал немесе мықты деп бөлмейміз, біз үшін барлық команда бірдей. «Ақтөбе» сияқты командамен ойында ұпай жинау бұл жақсы нәтиже. Бас бапкер ойынның алдында өзімізге сеніп, жаттығуда жасаған әрекеттерді алаңда жасауды сұрады, - деді 21-жасар қорғаушы.
Olimpbet QFL Премьер-лигасының 4-ші тур аясында «Ақтөбе» «Атырау» командасын өз алаңында қабылдап, ойынды 1:1 есебімен тең аяқталды. Есепті алаң иелері ашты – қорғаушы Әділхан Таңжарықов баспен соққы жасап, «Атырау» қақпашысын қапы қалдырды. Аталмыш голға «мұнайшылардың» шабуылшысы Николай Сигневич жауап қайтарды.