Волейболдан Қазақстан чемпионатының екінші туры басталады
Бүгін Өскемен қаласында волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионаты екінші турының ойындары басталады, деп хабарлайды Sport+ Kazinform.kz cайтына сілтеме жасай отырып.
Турнир кестесінде алаң иелері – «Берел» мен «Жетісу» (Талдықорған) 19 ұпаймен көш бастаса, «Қуаныш» (СҚО) пен «Қарағанды» (15 ұпай) үшінші-төртінші орындарды бөлісіп жатыр.
Сәрсенбі күні «Жетісу» - «Ару-Астана», «Қуаныш» - «Алматы», «Ертіс» - «Грация KZ», «Тұран» (Түркістан) - «Ақтөбе», «Берел» - «Қарағанды» командалары өзара сынға түседі.
Биылғы кубок және суперкубок иегері «Жетісу» алдағы сенбіден бастап өзінің тікелей қарсыластары – «Қуаныш», «Берел» және ел чемпионы «Тұранмен» ойнайды. Ал биыл Азия клубтық чемпионатында төртінші орынға табан тіреген «Қуаныш» 10-11 желтоқсан күндері «Берел» және «Тұранмен» шеберлік байқасады.
Екінші тур ойындары 11 желтоқсанда мәресіне жетеді.