VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: елордалық садақшы Айкөркем Батихан күміс медаль жеңіп алды

VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: елордалық садақшы Айкөркем Батихан күміс медаль жеңіп алды

Қырғыз Республикасының Бішкек және Чолпон-Ата қалаларында өтіп жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Астана қаласының спортшысы Айкөркем Батихан дәстүрлі садақ атудан «Орталық Азия нысанасы» дисциплинасында күміс медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Sport+.

Әйелдер арасындағы 40 метр қашықтықтағы жарысқа әлемнің 51 елінен 80-нен астам садақшы қатысты. Айкөркем Батихан іріктеу кезеңдерін сәтті өтіп, финалға жолдама алды.

Шешуші кезеңде елордалық спортшы жоғары шеберлігін көрсетіп, екінші орынға ие болды. Осылайша Қазақстан құрамасының қоржынына күміс жүлде салды.

Бүгін, 4 қыркүйекте, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында елорданың басқа да өкілдері жарысты жалғастырады.

Тазы жарысында Астананың намысын Алмас Оралбек «Сағым» атты тазы итімен қорғайды. Бүгін олар жүлделі орындар үшін күресті жалғастырады.

11 шақырымдық жорға жарысында Астанадан Әлия Тоқтасынова, Наиля Советхан және Анатолий Шабаев өнер көрсетеді. Вероника Румянцева қосалқы қатысушы ретінде тіркелген.

Мангала жарысында елорда атынан Гүлнара Базаралиева, Құндыз Есіркеп және Биғали Зкрияев сынға түсіп жатыр. Елордалық спортшылар жарысты жалғастыруда. Мангала жарысының қорытынды нәтижелері 6 қыркүйекте белгілі болады.

Еске салайық, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 6 қыркүйекке дейін жалғасады.



Күн шежіресі