VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бірінші күнінің нәтижелері
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қырғыз Республикасында 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында өтуде, деп хабарлайды Sport+.
Қазақстан құрамасы жарыс регламентінде бекітілген 42 спорт түрінен 152 спортшымен қатысып жатыр. Ойындардың ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көкпардан әлем чемпионы, команда капитаны Тұрғанбек Құрманбек ұстады.
Жарыстың бірінші күнінде Қазақстан құрамасының спортшылары ордо (асық ату), тоғызқұмалақ, күрес, гореш және монгол бөхінен сынға түсті.
Тоғызқұмалақтан жарыстар 6 қыркүйекке дейін жалғасады. Ал ордо (асық ату) бойынша финалдық ойындар 2 қыркүйекке жоспарланған. Моңғол бөхінен белдескен Амангелді Ерасыл мен горештен сынға түскен Абдрахманов Мадияр қарсыластарына есе жіберді. Осылайша, күрестің үш түрінен жарыстар аяқталды.
2 қыркүйекте көкпар, көк бөрү, эр еңіш (аударыспақ), алыш, овари, мангала, тоғызқұмалақ, ат марафоны, ордо, қыран құспен аң аулау, жамбы ату, дәстүрлі садақ ату, масс-рестлинг, арқан тартыс, сумо, стронгмен және жамбас сүйегін сындыру жарыстары өтеді.