Қазақстан құрамасы VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында екі алтын медаль жеңіп алды
Қырғызстанда өтіп жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасы аударыспақтан екі алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Sport+.
63 келіге дейінгі салмақта Нұрталап Керім финалдық белдесуде Қырғызстан спортшысын жеңіп, жарыс чемпионы атанды.
70 келіге дейінгі салмақта Сайлау Мұхамеджан да финалда Қырғызстан өкілімен кездесіп, 2:1 есебімен жеңіске жетті. Бұл медальдар Қазақстан құрамасының биылғы Ойындардағы алғашқы алтын жүлделері болды.
Аударыспақ — ат үстінде күресуді қажет ететін қазақтың дәстүрлі ұлттық спорт түрі. Бұл спорт қатысушылардан күш пен ептілікті, жылдамдық пен батылдықты талап етеді. Қазіргі таңда Қазақстанда аударыспақпен тұрақты түрде 11,5 мыңнан астам адам айналысады.