Василий Жиров бокстан Қазақстан құрамасын басқаруға дайын екенін айтты
Отандық спорт тарихында Олимпиада ойындарының алғашқы жеңімпазы және бокстан кәсіпқойлар арасында әлем чемпионы Василий Жиров жаттықтырушы ретінде туған еліне әлі де пайдасын тигізерін айтты, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Өз мансабымда Қазақстанымды мақтан тұтамын. Александр Апачинский, Абдусалам Нұрмаханов, Феликс Цой, Ярослав Фетисов, Станислав Болдырев және басқа да көптеген танымал жаттықтырушылармен жұмыс істегенмін, мол тәжірибе бар. Олар – өз ісінің шебері. Жеке жаттықтырушым Александр Иванович Апачинскиймен бірлесіп, бокста жоғары көрсеткіштерге қол жеткіздім. Менің америкалық мамандармен де тәжірибем бар. Соңғы бірнеше жылда елге оралуды жиі ойлап жүрмін, туған жерді сағындым. Егер Отанымнан ұсыныс түссе, әрине, мен оны қуана қабылдаймын, - деді Василий Жиров.
Сондай-ақ, 1996 жылғы Олимпиада чемпионы биыл Париждегі Олимпиадада қазақстандық боксшылардың алтын алуға толық мүмкіндігі барын айтты.
Өткен Олимпиадада бізде алтын медаль болмағанына қарамастан, қазақстандық боксты ешқашан есептен шығарудың қажеті жоқ. Еліміздің бас командасына лицензиялық турнирлерге ойдағыдай дайындалып, Парижге мүмкіндігінше көп жолдама ұтып алуды тілеймін. Әрбір қазақстандық сияқты мен де Франция астанасында еліміздің Әнұраны шырқалғанын қалаймын, - деп атап өтті Балқаш жолбарысы.