logo

Допингпен спорттан шеттетілген Саматәлі Төлтаевтың менеджері түсінік берді

Допингпен спорттан шеттетілген Саматәлі Төлтаевтың менеджері түсінік берді

Ұлттық құрамада 60 келіде өнер көрсетіп, допингке байланысты 2026 жылға дейін спорттан шеттетілген Саматәлі Төлтаевтың неліктен кәсіпқой боксқа ауысқанын менеджері түсіндірді, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.

Менеджер Жанпейіс Назарғали Саматәлі Төлтаевтың сынамасынан допинг табылған соң арада уақыт өте келе қайта тексеруден өткенін мәлімдеді.

Саматәлі Төлтаевтың жақында кәсіпқой бокста өнер көрсететіні жайында айта кеткім келеді. Өздеріңізге белгілі, Саматәлі былтыр сынамасынан допинг табылып, 2023 жылғы қаңтар айынан бастап үш жылға әуесқой спорттан шеттетілген болатын. Міне, бір жыл уақыт өткен соң кәсіпқой боксқа өтіп жатқан жайы бар. Кәсіпқой боксқа өту үшін допинг табылған кезден бастап кем дегенде 6 ай уақыт өткен соң тағы да анализ тапсыруы тиіс болатын. Саматәлі Төлтаев қараша айында допингке анализ тапсырып, сынамасы таза боп шықты. Содан бастап жаттығуға қайта кірістік. Бұйырса 18 ақпан күні Түркияның Ыстамбұл қаласында жергілікті боксшыға қарсы дебюттік кездесу өткіземіз, - деді менеджері.

Ол өз сөзінде тиісті ережелердің барлығы сақталып отырғанын жеткізді.

Саматәлі кәсіпқой боксқа өту үшін барлық ережелерді сақтағанын баса айтқым келеді. Бір жыл күтті, сынамасы таза шықты. Енді еш кедергі болмауы тиіс. Бокс тарихында сынамасынан допинг табылып, спорттан шеттетілген бірнеше танымал боксшылардың алты ай өткен соң кәсіпқой бокста өнер көрсеткендігі туралы мысал жеткілікті. Мысал ретінде Миша Алоян, Бектемір Меликузиев секілді спортшыларды атап өтсем жеткілікті болар, - деді Жанпейіс Назарғали.

Саматәлі Төлтаев 60 келіде бірнеше жыл құрамада өнер көрсетті. Ол жастар арасында Азия чемпионы, әлем чемпионатының жүлдегері. Сондай-ақ, ересектер арасында ҚР чемпионы, әлем чемпионатына қатысушы.