Вандерлей менен қашып жүр, бәрібір жерлестерімнің есесін қайтарамын: Санжар Әділов
Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Санжар Әділов Sport Plus Qazaqstan сайтына берген сұхбатында кезекті жекпе-жегіне дайындығы, Вандерлейден есе қайтаруы, Абдулманап Нурмагомедовпен жаттығуы және неліктен тұңғышының спортқа баруына қарсы екенін айтты.
- Бұған дейін сізді «Alash Pride» пен JCK бірлескен турнирде жұдырықтасатыныңыз айтылды. Бірақ әлі күнге дейін ресми хабарландыру болған жоқ. Кезекті жекпе-жегіңіз нақты қашан болады?
- Келесі жекпе-жегім 8 маусымда Қытай елінде болады. JCK лигасында шеберлігімді көрсетемін.
- Бұл жекпе-жекке қай жерде дайындалып жатырсыз?
- Дайындығым Қарағанды қаласында «Kazfighters» және «Mariobrosh спорттық клубтарында өтуде. Бапкерлерім қарқынды жұмыс жасап жатыр. Алдағы жекпе-жекке сақадай саймын!
- Соңғы жеңісіңізден кейін сіз Дана Уайтқа хабарласып, UFC-мен келісімшарт жасауды сұрадыңыз. Одан қандайда бір нәтиже шықты ма?
- Менің мақсатым - Америкаға виза алу. Бұл мәселені жазда қолға аламыз. Менеджерім Саят Абдрахманов та осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Жалпы, жан-жақты әрекет етудеміз. Жақсы нәтиже болады деп сенемін!
- Сіз бразилиялық Вандерлей Да Силвамен көз түйістірдіңіз. Жалпы Вандерлей сіз қарсылас ретінде қаншалықты қызықтырады?
- Мен бұл жекпе-жекке дайын болдым, бірақ бразилиялық жауынгер менен қашып, басқа жауынгермен жұдырықтасты. Әрине, қызық. Бастамасы бар, соңына дейін жеткізсек жақсы болар еді. Және де Вандерлей екі қазақ жауынгерін жеңіп кетті. Жерлестерімнің есесін қайтаруға дайынмын.
- Сіз «Alash Pride» лигасының қазіргі чемпионысыз. Маңдай термен қол жеткізген «Alash Pride» белбеуін қайда сақтайсыз?
- Әзірше белбеуім өз үйімде тұр. Болашақта ол белбеудің орыны ауысады. Қайда десеңіздер, сәл күте тұрыңыздар. Алдағы уақытта біле жатарсыздар. Міндетті түрде жария етемін.
- Сіз 2023 жылы UAE Warriors сапында жұдырықтастыңыз. Араб лигасында енді қашан жекпе-жекке шығасыз?
- Ол уақытта тек бір жекпе-жекке ғана келісімшарт болды. Алдағы уақытта ұсыныс болып жатса, ойланамыз.
- Сізде Абдулманап Нурмагомедов залында жаттықтыңыз. Алайда сол жаттығу залының мекенжайын табуда басыңыздан қызық оқиға өткен екен. Толығырақ айтып беріңізші…
- Марқұм Абдулманап Нурмагомедов ағайдың қол астында жаттығу жайында маған Қазақстан Панкратион федерациясының басшысы Сағындық Мекеев кеңес берген. Мен ести сала бірден заттарымды жинап, ойланбастан Астанадан Махачкалаға ұштым. Абдулманап ағайдың қай жерде екенін білмеймін.
Әуежайдан шығып, такси жүргізушілерінен сұрастырып жүріп, Манап ағайдың оқу-жаттығу жиындарын өткізетін жерге бардым. Шәй ішіп, жақыннан таныстық.
Қарапайым, кішіпейіл жан екенін бірден байқадым. 1 сағаттай әңгімелескеннен кейін, мені өз командасына қабылдады. Дагестанға 3 рет барып, жарты жыл көлемінде дайындалдым.
- Қазір AСA әртүрлі салмақтағы жекпе-жектерді жиі түрде өткізіп жүр. Егер сізге Гран-приге қатысу ұсынылса, келісер ме едіңіз?
- Менің салмағымда Гран-при басталып кетті. Егерде біреу жарақат алып қалып, орнына жауынгер іздесе, қатысар едім. Қазіргі уақытта ACA лигасында мен үшін тек гран-при ғана қызық. Басқа келісімшарт қызықтырмайды.
- Қандай хоббиіңіз бар? Жекпе-жек, жаттығудан басқа немен айналысасыз?
- Хоббиім - атқа мініп серуендеу. Одан кейін аңға шығу, балық аулау. Музыка мектебін домбыра сабағы бойынша бітіргенмін. Қазақтың киелі домбырасын алғаш рет 8 жасымда қолыма алдым. Содан бері домбырада ойнаймын.
- Жеке өміріңіз жайлы айтып өтсеңіз. Болашақта балаларыңыздың спортқа барғанын қалайсыз ба?
- Мен әзірге бір арудың әкесімін. Есімі - Айша. Алла қалап, болашақта ұлдардың әкесі болу бақыты бұйырса, міндетті түрде спортқа баулимын. Ал, қызымды спортқа қимаймын. Қызымның спорттан тыс, басқа салаларды бағындырғанын қалаймын.
- Рақмет!