Урош Радакович: «Астанамен» келісімшартқа отырар алдында шындықты айтпай, үлкен қателік жасадым
Бұрын «Астана» сапында ойнаған, қазіргі уақытта «Сивасспор» клубының қорғаушысы Урош Радакович Sport Plus Qazaqstan сайтына берген сұхбатында «Астанада» ойнаған кезеңін еске алып, «Бачка Топола» және Қазақстан футболының дамуы туралы пікірін білдірді:
— «Астанадан» кейін Польшада, Ресейде ойнап, қазір Түркияда өнер көрсетіп жүрсіз. Осы чемпионаттарды Қазақстан чемпионатымен салыстырып көрсеңіз?
— Соңғы жылдары Қазақстан футболы айтарлықтай дамыды деп ойлаймын. Ұлттық құраманың ойыны әлдеқайда жақсарды, бұл қуантарлық жайт, себебі Қазақстанда футболды жақсы көретін адамдар бар және олар жақсырақ лигаға лайық. Басқа чемпионаттармен салыстырғанда, ҚПЛ әлі де сәл артта қалуда, бірақ жыл сайын айырмашылық азаяды деп сенемін, егер инвестициялар инфрақұрылым мен жас ойыншыларды дамытуға дұрыс бағытталса.
— «Астана» клубында Пол Эшуорттың басшылығымен ойнадыңыз. Оның жұмысындағы қандай негізгі сәттерді атап өтер едіңіз?
— Полмен қарым-қатынасым жақсы болды, ол менімен келісімшартқа отыруды қалады. Бірақ мен үлкен қателік жасадым, клубпен келісімшартқа отырар алдында шындықты айтпадым. Менде ауыр пневмония болған еді, ауруханада 25 күн жаттым, оған қоса әйелім сол кезде әкесінен айырылды. Бұл менің өмірімдегі ең қиын кезең болды, және өзімді «Астана» сияқты үлкен клубта жақсы қырымнан көрсете алмағаныма қатты өкінемін. Бапкер мені бірден алаңға шығармайды деп ойлап едім, бірақ ол мені бірден ойната бастады. Ауруханадан шыққан соң 5-6 жаттығу өткізіп, бірден алаңға шықтым. Менің мінезім қиындықтардан бас тартуға жол бермейді, тіпті жағдайым нашар болса да, ойнауды шештім, және бұл қате шешім болды, себебі мен дайын емес едім. Бірақ бұл оқиға артта қалды, және оны болашаққа алынған тәжірибе ретінде қабылдау керек.
Пол Эшуорт, «Астана» ФК бұрыңғы бапкері
— «Астанадан» кеткеннен кейін Қазақстанға оралуға ұсыныстар түсті ме?
— «Астанадан» кейін Қазақстаннан ұсыныстар түскен жоқ, бірақ болашақта не болатынын кім біледі? Қазіргі уақытта мен Түркияда өте бақыттымын.
— «Астана» Конференциялар Лигасының топтық кезеңіне шықты, онда «Челси» мен қатар клубтың қарсыластарының бірі сербиялық «Бачка Топола» болмақ. Сербиялық ретінде бұл матчқа қатысты болжамыңыз қандай? Қарсыластың күшті және әлсіз жақтарын атап өтсеңіз?
— «Астана» әр маусымда Еуропада ойнауға лайық. Бұл үлкен және жақсы ұйымдастырылған ұйым, клуб ішіндегі адамдар керемет, мен оларға болашақта көп табыс тілеймін. «Бачка Топола» бұрынғыдай мықты емес, олар бапкерін ауыстырды, бірнеше негізгі ойыншыларын сатты және лигада қиындықтармен бетпе-бет келуде. Бірақ бұл Сербиядағы ең жақсы ұйымдастырылған клубтардың бірі, сондықтан оларға қарсы ойнау оңай болмайды. Ал «Челси» туралы айтатын болсақ, бәрі олардың деңгейін біледі, олар биыл керемет ойнап жатыр. Бұл жанкүйерлер үшін нағыз тамаша кездесу әрі ойыншылар үшін үлкен тәжірибе болмақ.