Семейлік «Елімай» футбол клубы 43 жастағы шотландиялық маман Питер Левеннің команданың бас бапкері болып тағайындалғанын жариялады, деп хабарлайды Sport+ клубтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұған дейін Левен «Абердин» клубының жаттықтырушылар штабында жұмыс істеп, 2025 жылы командамен бірге Шотландия кубогын жеңіп алған. Сондай-ақ ол үш рет клубтың бас бапкері міндетін уақытша атқарған.

Шотландиялық маман 2022 жылы Ресей Премьер-лигасына жолдама алған «Оренбургте» Марцел Личканың көмекшісі болған.

Левен Бресттің «Динамо» клубында қызмет атқарған кезеңде беларусьтік команда 2018 жылы ел кубогын, 2019 жылы чемпиондық атақты және 2019, 2020 жылдары екі рет Суперкубокты жеңіп алды.

Питер Левен — «Рейнджерс» академиясының түлегі. Футболшылық мансабында 300-ден астам матч өткізіп, «Килмарнок», «Милтон-Кинс Донс» клубтары мен Шотландия жастар құрамасында өнер көрсеткен.