Тимофей Скатов Хорватиядағы жарыстың жартылай финалына шықты
Қазақстандық теннисші, әлемнің 273-ракеткасы Тимофей Скатов Задар (Хорватия) челленджер турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Тимофей ширек финалда әлемнің 392-ракеткасы, аустриялық Сандро Коппен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда аустриялық спортшы 6:4 есебімен басым түсті. Екіншісінде Скатов есе қайырды - 6:3. Шешуші үшінші сетте Тимофей жеңісті жұлып алды - 6:4.
Екі сағат жарымға жуық уақытқа созылған тартысты бәсеке барысында Тимофей 4 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Қарсыласы 3 эйс, 3 брейктен (5 брейк-пойнт) аса алмады.
Скатов финалға шығу үшін әлемнің 254-ракеткасы, болгариялық Адриан Андреевпен таласады. Ол ширек финалда рейтингіде 261-орындағы Италия өкілі Энрико Далла Валлені жарыс жолынан тайдырды - 3:6, 6:4, 6:2.