Тайталасқа толы матчта «Ак Барс» «Барыстан» басым түсті

Қазан қаласында өткен кездесу барысында «Барыс» командасы «Ак Барс» ұжымымен жолықты. Бұл ойында бапкерлік штаб жалғыз өзгерісті қақпашы құрамында жасап, бастапқы минуттардан бастап қақпаны Адам Шил қорғады, деп хабарлайды Sport+ елордалық клубтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Матчтың алғашқы голын казандықтар тез арада соғып үлгерді — Владимир Алистров қақпа алдына бағытталған пасты сәтті аяқтап, есеп ашты. Екінші кезеңде «Барыс» айқын басымдық танытып, ұзақ позициялық шабуылдар ұйымдастырғанымен, бұл әрекеттер нәтиже бермеді. Ал қожайындар екі қарсы шабуылды ұтымды пайдаланып, Артём Галимов дубль авторы атанды.
Үшінші кезеңнің басында Никита Лямкиннің голы жеңімпазды анықтап тастағандай көрінген. Алайда осы сәттен кейін астаналықтар шабыттана ойнап, камбэк жасауға шақ қалды. Динмұхамед Қайыржан, Майкл Веккьоне және Всеволод Логвиннің шайбалары «Барысқа» ойынды өз қолына алуға мүмкіндік берді.
Ойын соңында «6-ға 4» форматында ойнаған сәтте астаналықтар таразы басын теңестіре жаздады. Бірде Тимур Биляловты қақпа бағаны құтқарса, бірде шабуыл дәлдікке жетпей жатты. Соған қарамастан, казандықтар өз жеңісін сақтап қалды.
Михаил Кравецтің командасы келесі ойынын Челябинск қаласында «Трактор» командасына қарсы 9 қазанда өткізеді.